Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  78


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Ақын – үн

Өгей шеше секiлдi жақтырмаған,
Тағдыр менi қай жаққа лақтырмаған?
Пешенелес таланттар iзiменен
Мен де жүрдiм. Соңымда қақ құрғаған.
Шағаласы шулаған Алакөлден
Бiр арманды қалаға ала келгем.
Сүрiну бар, самғау бар тiршiлiкте
«Ақын азат» деп ұқты сана менде.
Жатам ба, жатпаймын ба бағы асқанға,
Бәрiн ұқтым өнермен санасқанда.
Семейде марқасқа ақын өзiңiз деп,
Қуанғанда келушi ем, адасқанда.
Мейiрiммен тiл қатып еппен ғана,
Көздерге көрiнесiз көптен дара.
Өлеңiмдi оқып ап ой айтасыз,
Тiршiлiктi сүлелеп, көктен қарап.
Тарихтан тамыр тартып сөзге өріле,
Дедiңiз:
«Ақын – тағдыр, төз көбiне.
Талантты ақындарды сүйреу керек,
Талантсыздар шығады өздерi де».
Ақын кеуде басылып көтерiлген,
Қара өлеңдi қармаққа бекер iлгем.
Сiз айтқан ақын деген – отты халық,
Күйiп-жанып өтедi от өмiрден.
Пенде үшiн мынау тiрлiк, сiрә, қашық,
Ақын айтса өлеңнен құрақ ашып.
Сiз отырған шап-шағын бөлмеңізден,
Өлең асып кететiн, күнә қашып.
Өмiр мәнiн ұға алмай ала таңда,
Кейде бiр ызғарына қалам тоңбай.
Тауым шағып қорғансыз сiзге келем,
Ұядан құлап түскен балапандай.
Аппақ бөлме, ақ көйлек, ақ келбетпен
«Судағы сәуле» жырды ап тербеткен.
Тәкәппарлау тiл қатып отырасыз,
Ойға оралып баяғы өткен-кеткен.
«Еңсе тiкте, ерлеу бол, қарындасым,
Қулығың жоқ екенсiң, бағың басым.
Есiңе ұста, ешқашан осал болма,
Ақын деген ақиқат жолындасың».
Жiгер берiп жан аға жанарыма,
Басымды азаматқа балады да.
Шәкәрiм, Мұқағали тағдырымен
Қайрат бердi қауқарсыз қаламыма.
Сол жылы күз. Аспан да бұлдыр едi,
Сiздi көрдiм. Көңiлде мұң жүр едi.
Қара плащ қалқалап бара жатты
Ақынға тән аппақ нұр, күн жүрегiн.
Көңілде ақынға тән үн жүретін,
Сізге сәлем берсем деп шын жүрегім.
Жедел басып жентектеп жете алмадым,
Дариға-ай, мен не қылған сылбыр едiм?!
Пенде-ғұмыр, мен бiрақ өкiнбедiм,
«Тағы көрем» едi ғой бекiнгенiм.
Ертеңінде естiдiм, «Опат бопты»,
Ажал-құрық абайсыз шетiн келiп.
Сенбей жүрмiн қазаңа әлi де мен,
Соқпағыңмен сiздi iздеп әлi келем.
Айтарыңды өзiңмен кеттiң бе алып
Поэзиядай кiршiксiз сары кемем?
Өнер – өлiм, екеуi аш қасқырдай,
Дененi жүрекпенен астастырмай.
Қоштаспай елiңмен де кетiп қапсың,
Сол жүрек әкетiптi қоштастырмай.
Мейiр боп, кең пейiл боп ұғылатын,
Қарамен қоршаулы тұр бүгiн атың.
Бәйгеге шауып бара жатқанында
Шын жүйiрiк кейде осылай жығылатын.
Iзгiлiк сенiмiмдi айға тiреп,
«Қалқаман – Мамырыңды» айға бiлеп.
Ұмыт боп қалмайтын-ақ шығарсың сен,
Үмiт боп көрiнетiн ой көкiрек.
Өткен сайын баспасөз дәл тұсынан,
Өткен күн еске түсер жалқы-сылаң.
Сөз өзегiн нәр еткен Орда бүгiн
Айрылған ақындардың жартысынан.
Пенделiктiң пиғылы жеңгенде бiр,
Өзiме-өзiм үңiлем көнгенде құр.
Мезгiлiнен ертерек әжiм түскен
Бiр кiшкентай ғаламшар кеудемде жүр.
Ақын – ғұмыр, өнер – ес қоғамға сын,
Бiлемiз өмiр қайта оралмасын.
«Қаламқастың қыздарын» жазған ақын
«Жоғалған өзендей» боп жоғалмасын.
Келте ғұмыр ақындар аз болмаған,
Азанама, жат өлең жазбан жаман.
Өткен шаққа кешегi назымды айтып
Жыр жазбайын,
Жаздырма, Аллам, маған!
Естушi ем, ақын адам киесi деп,
Ақынның назы қиын, сиясы бек.
Бар ақынға бiр өлең арнағым кеп
Жүрегiмнен тұрды бiр күй есiлiп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу