Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  85


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Қоңыр күз. Менде көңiл-күй қоңыр...

Қоңыр күз. Менде көңiл-күй қоңыр,
Жалған дейтұғын сен бе едiң өмiр?
Жетiм қозыдай маңырай берер
Ақынға бiткен перiште көңiл.
Өлеңмен салып тосынға бұғау,
Жарасқан қашан асылға құрау?!
Бүгiннiң үнiн құрсақтан естiп,
Мұң шаққан Абай ғасырға мынау.
Ақын деп маған салмақ қойғасын,
Жалғани дүние алдап қойғасын.
Шымшығы кеткен шынардай болып,
Баз кешер кейде бармақтай басым.
Жасуға жол жоқ ондайға маған,
Өлең өрнегiн таңдайға қағам.
Салқындау түннiң сіркедей сөлiн
Сығымдап, сығып маңдайға жағам.
Сонау шақтағы әндi естiп арым,
Мендегi азаптың таң кештi бәрiн.
Көресiң әлi, бәрiн де жеңем,
Ненi жеңбеген жанкештi жаным?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу