Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  162


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Алакөлім!

Алакөлім!
Бақытымның айғағы,
Тәтті шақтың, сәтті шақтың байламы.
Сол баяғы қыз қылықты еске сап,
Қыз-ғұмырым қылтияды қайдағы.
Сен сезесің,
Өнер мұңы – асыл мұң,
Мен де сендей көтерілдім, басылдым.
Құса болған көңілімді баса алмай,
Толқын ұрған жағаңа кеп асылдым.
Сен де сыр бар,
Менде жыр бар өзгерген.
Алакөлім!
Кермек дәмді көзкөрген.
Тамшы жастан құралғандай дәмің бар
Шұбырынды кезіндегі көздерден.
Ақ көбігің анадайдан көріне,
Ұрысқандай буырқандың төліңе.
Алғашында толқыныңмен сабап ап,
Кетерімде оратылдың беліме.
Асуынан асамын деп сан қырдың,
Саған ұқсап талай таңды таңға ұрдым.
Бойымдағы ауырлықтың барлығын
Сыпырдым да, толқыныңа лақтырдым.
Сыпырып ап кеткен толқын қаңғырды.
Ал мен үшін жар күлді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу