Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  95


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

АҚЫН МЕН АРА

(Тілеуханға)
Сiз араны, мен өлеңдi пiр тұтып,
Мөлдiрлiктен, тазалықтан сыр күтiп.
Шыңнан сүрлеу салуменен келемiз,
Қайшылықты, қарсылықты үркiтiп.
Поэзия ара құрлы ызыңдап,
Шаққан жерi шыдатпайды тызылдап.
Ащы уын жүрегiме қалдырып,
Тәттi балы өлең болып сызылмақ.
Сiз де солай ара-бейнет арқалап,
Тамшы балдың нәрiн жинау – бар талап.
Ара бағу азабын сiз көргенмен,
Бал бақытын бiз көремiз анталап.
Жәндiктерде кие дейдi араны,
Ара – дауа, жанға зәру балы оның.
Адамдардың киелiсi – ақындар,
Тектен-текке өкпелетпейдi ел оны.
Ара – шипа, жақсылықты жақтайды,
Сен тиiспесең, ол ешкiмдi шақпайды.
Ақындар ол жазығы жоқ ешкiмге,
Арамдыққа, жамандыққа баспайды.
Киелiге кек құруға болмайды,
Ақын назы, ара назы сондай-ды.
Ара ашынса аямайды, талайды,
Ақындарды ренжiткен оңбайды.
Сiз араны, мен өлеңдi ардақтап,
Бiр келемiз қасиеттi салмақтап.
Сiз тәттiнiң дәмiн жақсы бiлесiз,
Сөз қадiрiн келем мен де ардақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу