Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  77


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Естегiнi есептеп саналы күн...

Естегiнi есептеп саналы күн,
Ересек ғұмыр маған тағады мiн.
Сағыныш боп түсiме жиi енедi
Мәрт көңіл, мәңгi ғашық балалығым.
Өткенге өкпемдi айтып iзгi бiр сын,
Мендегi сарбаз сезiм жүз құбылсын.
Сен мен үшiн мәңгiлiк бала-бейне,
Сен мен үшiн мәңгiлiк қыз-ғұмырсың.
Бала-ғашық бал-арман ғажап маған,
«Ұлпат» қымбат, ардақты әз ат маған.
Сол сәттегi балалық сезiмiмдi
Әлi күнге айта алмай азаптанам.
Елеусiз бала мiнез аталатын,
Ширек ғасыр iз етiп қатал атын.
Мен жүретiн соқпақтан сыр аулаған
Қайдасың бала-бейне, махаббатым?
Баяғы бал үмiттен тасып бiр үн,
Орынсыз әр мiнезiм, жасықтығым.
Кiршiксiз сезiмдерден сыр ұқпаған,
Кеш менi, бала-ғұмыр, ғашықтығым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу