Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  93


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Байқайсың ба, сезiм кейде оңбаған...

Байқайсың ба, сезiм кейде оңбаған,
Сезiм – сайтан, сырғақтаса таң болам.
Жар сүюден жараланған сезiмiм,
Шамдандырсаң, шарт сынам да, қорланам.
Сезем өзiм, сынбас жерде сыныппын,
Кейде терек, кейде әлсiз шыбықпын.
Құдiреттiң құнын бiлмей жүргенде,
Махаббатты үйлену деп ұғыппын.
Сезiмiмнің серпiп тастап салмағын,
Бұл жалғанда сенсiз неге қалмадым?
Бiр ашудың жетегiмен шатасып,
Бүкiл бақыт, қуанышымды жалмадың.
Менде наз бар, бар ғой ашу сенде де,
Бiр кемшiлiк екеумiздi жеңбеген.
Бiр жарадан жазылсам деп жүргенде,
Оқшантайдан шыға келдiң сен неге?
Бәлкiм, менен бөтен-бөлек сын күттiң,
Сезiмдердi сел жасыма сүңгiттiм.
Тiстенемiн көп нәрсенi айта алмай,
Көзi шығып кетпесiн деп шындықтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу