Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  88


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Жүргенiм-ай мен өзiмдi ұнатпай

Жүргенiм-ай мен өзiмдi ұнатпай
Түн қойнында тұнып қалған сұрақтай.
Жүргенiм-ай өзгелерге жұмбақ боп,
Жүрегiмдi жұбатпай да, жылатпай.
Көңiлiмде күңк-күңк етiп көмескi ой
Шалықтаса, көнбегенiм емес қой.
Жылап алып, сүрте салар сулықпен
Тағдыр жасы көздiң жасы емес қой.
Бәз биiгiн көңiлiмде көтердiм,
Не дегенмен, мен де өзiмше бекеммiн.
Жан азабым әуре қылып жүргенде
Жол азабын бiлмей қалған екенмiн.
Ақылым бар ашуымның артында,
Шамаң жоқ па, өр тiрлiкке артылма.
Өлеңiмнен бастау алған өмiрiм,
Жалғаны көп жаңалықпен сарқылма.
Әйел-көңіл, қыз-тiрлiктi сағынар,
Мен емеспiн қыз-қылыққа жағынар.
«Көз – көңiлдiң портретi» демей ме,
Адам түгiл, ай бетiнде дағы бар.
Самайымның талдап қарап әр ағын,
Баяны жоқ тiршiлiкке қарадым.
Жырым менiң сәл мұңайған қалпында,
Топырағы тозаң болған даламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу