Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  71


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Бұралаң боп белгiсiздеу соқпағым....

Бұралаң боп белгiсiздеу соқпағым,
Бақыт iздеп шығып едiм, таппадым.
Жыр суарып суатына ақылдың,
«Бақыт деген не?» дегенге тоқтадым.
Бақыт деген – алдыменен жаралу,
Бесiгiңнiң ырғағынан нәр алу.
Жер бесiктiң әлдиiне бөленiп,
Ұлылықтың қоржынынан дән алу.
Бақыт деген – дұрыс болжау жолыңды,
Айыра бiл оңың менен солыңды.
Тiршiлiкте өкпелетпей ешкiмдi,
Шамаң келсе шат күлкiге шомылдыр.
Бақыт деген – қанағатты сезiну,
Сенi сүйген ғашығыңа кезiгу.
Күрсiнiстiң көлеңкесiн жылытып,
Көкiректе көп үмiтпен көз iлу.
Ақыл-есi тұман кешкен қоғамда,
Бақыт деген жоқ дегенге тоналма.
Жолыққанға бақыт тiлеп өтемiн,
Бақыт тiлеу артық емес адамға.
Бақ дегенде жұмбақ әлем елестеп,
Анау дейдi, мынау дейдi көбi есте.
Адам ата, Хауа ананың тұсында,
Жоғалатын жұмақ бағы емес пе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу