Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  102


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ЖАТАҚХАНА

Мен тұрған үй – жатақхана, өмiрiмнiң өткенi,
Керегемдi сонда керiп, сонда үмiтiм көктедi.
Бала сүйiп, жар жетектеп, құрсағымды кеңейттiм,
Осында ғой өмiрiмнiң бар қызығы, көктемi.
Жатақхана. Менi үйреткен күрестерге әуелi,
Сонда менiң iргем бүтiн, сезiмiм де сау едi.
Жатақхана бөлмесiнде бар қызығым қамалып,
Кеудемде ән толықсыды, көшпелi елдiң әуенi.
Алақандай бiр бөлмеде атанғанмын «жас ана»,
Менi ең алғаш тауқыметпен беттестiрген осы ара.
Сетiнеген сезiмiме сеп болатын сөз iздеп
Жатақхана жаққа бардым... Құлап қапты босаға.
Жатақхана. Көзiме оттай басылатын мекенiм,
Мен кетiп ем, кеттi бәрi. Естiледi бөтен үн.
Мендегi бар махаббаттың қирағаны сияқты
Құлап жатыр. Сезiмiмнiң қараңызшы секемiн...
Жатақхана. Жас отаудың тербетiлiп бесiгi,
Мұнда талай жұбайлардың жасалатын «бешiрi».
Жатақхана жайлауынан ақын тағдыр нәр алған,
Кеңшiлiктер, Жұматайлар, Ғафулердiң есiмi.
Бiр ошақтан ас iшкенмен, сырт көздерге жат елдер,
Әр бөлмеде әр тағдырлар жүретұғын қаперде.
Сол тағдырлар бөлмелерiн бөлiп, алып кетiптi
Еншiсi жоқ Қасымдарға бөлiнбеген пәтерлер.
Мен сарғайған терезеден үңгiр қапты торып мұң,
Мен аттанған босағада күл-қоқыспен жолықтым.
Жатақхана жайсыз деп ем, жайлауы екен жастықтың,
Менiң де iшiм бос қалғандай қарап тұрып қорықтым.
«Жалған дүние кезек» деген осы екен ғой,
Соны ұқтым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу