Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  84


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

ҚАЗАҚСТАН – ЕЛІМ МЕНIҢ

Қазақстан – елiм менiң!
Маңдайыңа қыспақ көрiп өмiр сүру жаралған,
Көршiлерiң көзiн қысып, ендi бiрi аларған.
Мынау күллi дүниенi бiр мейiрге сыйғызып,
Мың құбылған тiршiлiкке малынады бар арман.
О, мекенiм!
Алтын өзек тарихыңда толқыны бар жүз көштiң,
Таңы да бар, паңы да бар сан патшамен жүздестiң.
Жалаңдаған бiр семсердiң қарғып өтiп жүзiнен,
Бiр бұзықтау ниет көрiп, теңселгендей күй кештiң.
Елiм менiң!
Сенiм артқан бiр сұрмерген шырпы шағып ойнаған,
Тамызықтан от шығарын бiлмей жүрген қай надан?
Бәтуасыз мұздай жылтыр үстелдердiң үстiнде
Қауқары жоқ адам тағдыр жұмыртқадай ойнаған.
Қазақ елiм!
Өзiң үшiн қастерлiсi – тәуелсiздiк тұнығы,
Анаң – үмiт, әкең – жiгер, Қазақстан – Күн ұлы.
Ұлы толғақ үстiндегi құйын уақыт сеп болып,
Алтын құрсақ шыр еткiзсе қазағымның бiр ұлын.
Ақтабандай қасiреттен жарадар ед қарт жүрек,
Ендi бүгiн жастығың ба, жаңыласың шартты iреп.
Өмiрге әлi бейiм емес қатесiндей баланың
Мүлт кеткенде отырамын Бұқардайын қарт тiлеп.
Қазағым-ау!
Темiр етiк табанында ғасыр үнi мүжiлген,
Айналайын топырағыңнан сан сындардан сүзiлген.
Пенделердi тәуба-тiлек келтiредi қалпына,
Болашақтың бағы жатқан үкiлi үмiт үзiлмен!
Қазақстан!
Көк байрағың Көк бөрiдей Көк Тәңiрiн алдырар,
Ататүрiк еншi бөлген елтаңбаң бар таңды ұрар.
Әлем танып тәй-тәй басқан жас Отанға қуат бер,
Досқа күлкi, дұшпанына таба қылма, Алдияр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу