Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  323


Автор: Қайырды Назырбаев

СӘУЛЕТКЕ

Сәулет, Сәулет, жарығым-ау, қарғам-ау,
Арқаға кеп Қараөткелде қалдың-ау?!.
Астанада бір өзіңсіз, мінеки,
Көктем де өтті, келе жатқан жаз мынау...
Кетіп едің, қалмаймын деп Арманнан,
Қайтпадың ғой, қалаға сол барғаннан.
Бұл дүниенің бір қызығын көре алмай,
Өкінішпен өте шықтың жалғаннан.
Қиындыққа жұрттың бәрі көнеді,
Өмір заңы, туады адам, өледі.
Бірақ, бірақ, жап-жас күйде сен емес,
Жасы жеткен мен кеткенім жөн еді.
Өлшенген күн межесінен қалмадың,
Татпадың-ау бұл өмірдің бал дәмін.
Аз ғұмырда осы-ақ болды көргенің –
Тағдырыңның маңдайыңа жазғанын.
Қатерлі дерт қалай пайда болғанын,
Еш түсінбей, миың жетпей сорладың.
Көріп тұрып, қолымнан түк келмеді,
Көз алдымда раушан гүлім солғанын.
Барлық шара қалмады ғой қолдағы,
Үзілді үміт, ештеңе де болмады.
Сәулем сөнді, жанбайды енді ешқашан,
Біздің үйге қаратүнек орнады.
Біздер үшін сағым едің, елес ең,
Тым ертерек кете бердің неге сен?
Меруерт те аз тартты ма азапты,
Шыбын жаны бір шықпады демесең.
Не қалды енді, өмірден не мән көред,
Тіріге де тіршілікке нәр керек.
Апайың да бір қиналды өзіңмен,
Амал қанша, болғаннан соң жан бөлек.
У құйғандай жүрегімнің басына,
Ие болмай мен көзімнің жасына.
Еске түссе еңіреймін еріксіз,
«Мен де бір күн барам ғой, – деп, – қасыңа».
Есіме алып апыл-тапыл басқанын,
Бақша барып, мектепті де ашқанын.
Оқу бітіп, болашаққа ұмтылып,
Үміт оты жылытып ед жас жанын.
Бәріндағы ішке сақтап, түйсініп,
Астананың келбетіне сүйсініп.
Жүруші еді, орны оның бос қалды,
Енді еріксіз еске аламыз күрсініп.
Жанарында мұң тұрса да қап-қалың,
Білдірмеді-ау жанына да батқанын.
Көз алдымда, ұмыта алар емеспін,
Сәулетімнің үнсіз ұйқтап жатқанын.
Қоштастық-ау, тұрсақтағы қия алмай,
Еңіреген көздің жасын тия алмай.
Перзентінің көтере алмай қайғысын,
Анаң байғұс күрт құлады тұра алмай...
Сәулет, Сәулет, жарығым-ау, қарғам-ау,
Арқаға кеп Қараөткелде қалдың-ау.
Астанада бір өзіңсіз, мінеки,
Көктем де өтті, келе жатқан жаз мынау..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу