Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  92


Автор: Қайырды Назырбаев

Жапырақтар жерге жамырап...

Жапырақтар жерге жамырап,
Сарыарқаға сары күз келді.
Көңілдің төрі қаңырап,
Ойға алдық елді біз де енді.
Сағыныштың сырлы әуені,
Тұла бойды тербейді.
Сезімнің жұмбақ әуені,
Жан, жүректі кернейді.
Еріксіз еске түседі,
Балалық, жастық күндерің.
Сондағы ненің күші еді,
Алаңсыз, ойсыз жүргенің.
Пана болып тұрғандай,
Жалғыз ағаш саясы.
Ойыңа өрмек құрғандай,
Туған ауыл аясы.
Көз алдыңда тұрады,
Бұлыңғыр күн, бұлдыр ай.
Жадыңнан қайтіп шығады,
Жастық дәурен құрғыр-ай.
Өткіздік күнді алаңсыз,
Көгалды кешіп, сайрандап.
Сағынтады амалсыз,
Думанға толы қайран бақ.
Оятса да мазалап,
Қалғып кеткен сезімді.
Оғаш ойды тазалап,
Шаужайлаймын төзімді.
Таба алмай ондай кезбені,
Ойға да бір сәт тоясың.
Бар қолыңнан келгені,
Ойлайсың да қоясың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу