Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  119


Автор: Қайырды Назырбаев

КАТОННЫҢ ҚЫМЫЗЫН-АЙ

Осы деп ас төресі бас иетін,
Әлбетте мақтаймыз ғой ас иесін.
Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес,
Катонның қымызының қасиетін.
Қымызың айран емес, емес қатық,
Қымыздың көру керек дәмін татып.
Шіркіннің қандай күйде екендігін,
Дәмінен-ақ сезесің ішіп жатып.
Кесеңді қолыңа алып қарап-қарап,
Ішерсің-ау тамсанып балға балап.
Жарықтық әрі тағам, әрі сусын,
Жұтынып қоярсың-ау тілді жалап.
Сабада салқын жерде таң асатын,
Аңқаң кеуіп келгенде шөл басатын.
Қымызын киіз үйде құйып тұрған,
Бал бармақ жеңешеміз мың жасасын.
Жаз. Жайлау. Қымызды ауыл қандай еді,
Катонның әр бұрышы жайлау еді.
Самсаған қарағайлар арасында,
Жылқышы қонысын да таңдар еді.
Суы мол, шөбі шүйгін қырда жатқан,
Жылқының қымызынан бір дәм татсаң.
Зәмзәм суын ішкендей шөлің қанар,
Дертке – дауа, шипалы әуел бастан.
Алтайдай жер төресі естен кетпес,
Сұлу жер көп болса да оған тектес.
Әлемнің бар қымызын жисаңдағы,
Катонның қымызына қымыз жетпес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу