Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  88


Автор: Қайырды Назырбаев

ОЙЛАРЫМ

Ойларым өз-өзінен тұманданып,
Анда-санда «сол жерге» тұрам барып.
Барар жер, басар тауым қалмаған соң,
Отырам бір саптыаяқ сырамды алып.
Іште жатқан уайым ғой, қайғым менің,
Табайын деп мәңгірген әй, бір емін.
Іштің өртін басқансып ұрттаған ғой,
Ішкім келіп тұр дейсің қайбір менің.
Мұндайда адасқан ой іздеп келіп,
Санаңда жүз жазылып, жүз бүктеліп,
Жақсы-жаман өмірің, ығы-жығы,
Көз алдыңнан өтеді тізбектеліп.
Ауыр ойлар алынбас қамалдайсың,
Тығырықтан шықсам деп амалдайсың.
Тұман басқан шерлі күй шеңберінен,
Бәрібір шығар жолды таба алмайсың.
Мүсірке, өзіңді-өзің аяшы кеп,
«Қайда бар, жарқын өмір саясы көп?! »
Селт еттім, «тағы сыра керек пе» деп,
Жаныма тұрған кезде даяшы кеп.
«Құйсаң құй» тағы бірді алам енді,
Бәрібір, қайда асығып барам енді.
Оңаша отырып бір ішейінші,
Басайын көңілдегі қара меңді.
Зіл болып көптен бері келе жатқан,
Иықтан түсер ме екен ауыр батпан.
Түйткілі тіршіліктің тарқар ма екен,
Ызғарлы ой жібір ме екен мұз боп қатқан.
Ұлымды ойлап жүре алам ба толғанбай,
Қызды қайтем жүрген әлі ойланбай.
Кемпір анау бір Алланы пір тұтқан,
Немере ме? Болар екен, ол қандай?
Болмаған соң жөні түзу баспанаң,
Қанша жайлы болушы еді Астанаң.
Елден келген таныстарды көргенде,
«Үйге жүр» деп айтуға да жасқанам.
Бұлдырап көз алдыңда елің-жерің,
Сезерсің қос қабырғаң сөгілгенін.
Өзгенің сеніменен ісі қанша,
Кімге керек, езіліп, егілгенің?
Қатыгез тас қамалға үйрене алмай,
Тұрмаушы ек ауылдағы үйге бармай.
Ондағы туыстар да түгесілді,
Барады түсетұғын үй де қалмай.
Сағым боп, сағыныш боп елестедің,
Жыл сайын сан өзгерген белес, белім.
Туған жер, ұшқан ұя, алтын бесік,
Мәңгілік сағынышым емес пе едің.
Түбіне ой теңіздің батып шығып,
Көз тіктім көк жүзіне атып шығып.
Тыраулап бір топ тырна бара жатты,
Қоңыр күз жылы жаққа асықтырып.
Жас дәурен, олдағы енді алыс бір жан,
Сол еді сан қызықпен табыстырған.
Келгенде егделікке жас шақты ойлап,
Болғандай, қыс пен жазды салыстырған.
Есіңнен еш кетпейтін бірақтағы,
Жастығым қарай-қарай қыр аттады.
Жаныңды жақсы ойлармен әлдилейтін,
Болады-ау, әр кездің бір шуақ шағы.
Сый көріп, жақсылықпен төрге шығып,
Масайрап, масаттансам өрде тұрып.
Арман не, жақсы ойлардың бесігінде,
Мәңгілік жүре берсем тербетіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу