Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  85


Автор: Қайырды Назырбаев

АРАСАНҒА ЖАУДЫ ҚАР

Байқап тұрсаң ойда жылы, тауда ызғар,
Ақ көрпеге ораныпты шың-құздар.
Қыркүйектің жиырмасында таңертең,
Қапалақтап Арасанға жауды қар.
Жасыл шырша ақ желекті бүркеніп,
Табиғаттың бұйрығына тұр көніп.
Бір-ақ күнде тіршілігі өзгерді,
Санаторий моп-момақан күйге еніп.
Жаудың ба қар, бұл өлкеге енді өң бер,
Таңдансын бір басқа сурет көргендер.
Жаутаңдайды, далаға бір, үйге бір,
Жазда жеңіл туфлимен келгендер.
Кеше сайран салып жүрген жындылар,
Бүгін көрсең уайым кешкен мұңдылар.
«Кеше соңғы автобуспен, апырмай,
Бекер кетіп қалмадық» деп қынжылар.
Терезеден қарайды кеп тесіле,
Бала-шаға, үйі түсіп есіне.
Үнсіз іштей уайымға батады,
«Дәл осы кез, келіп ем, – деп, – несіне».
«Әй, ашылар, ашылмас деу сөз емес,
Әлі тіпті қар түсетін кез емес».
Дейді адамдар бірін-бірі жұбатып,
Барып-барып тынар сөйтіп сөз-егес.
Арасанның суы дауа болғандар,
Таяқсыз-ақ жүретін боп қалғандар.
Кейімейді, шыдайды, тек оларда:
«Сауықсақ-ау» деген жалғыз арман бар.
Ойын-той не, керегі тек жан ғана,
Табиғатқа қарайды да таңдана.
Күн жексенбі болсадағы ондайлар,
Отырады «он бірінші» ваннада.
Дерттің бәрін құштар-ақ қой емдеуге ел,
Ұмытпайды «Рахманды» көргендер.
Бірақ кейде әбігер боп қалады,
Қыркүйекте Арасанға келгендер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу