Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  96


Автор: Қайырды Назырбаев

ІЗДЕДІМ СЕНІ

Іздедім сені қызғалдақ жапқан қыраттан,
Іздедім сені жақыннан, алыс-қыраттан.
Тым болмаса табам ба деп ем күлкіңді,
Сарқырап аққан сан тарау мөлдір бұлақтан.
Іздедім сені жыр құсы қанат қаққанда,
Далада біздің алаулап ақ таң атқанда.
Алаңдап тұрам жанарым жасқа шыланып,
Іңірде көктен жұлдыздар саулап аққанда.
Іздедім сені мезгілдің жүгі ауғанда,
Жапырақ біткен жамырап жерге жауғанда.
Іздедім сені беймәлім болған жерлерден,
Хат салмай ұзақ хабарсыз кетіп қалғанда.
Іздедім сені қай жерден тауып алам деп,
Қуантып жүрсің түсімде кеше аман кеп.
Келсеңші енді, уәде берген едің ғой,
Гүл жапқан қырды бірінші майда барам деп.
Амалсыз жүрмін әніңе сенің шөлдеумен,
Тағатым бітті «келсеңші, жаным, кел» деумен.
Сағыныштан ғана үгіліп кетер сияқты,
Өзің деп соққан жүрегім тұрған зор кеудем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу