Өлеңдер ✍️

  11.06.2022
  108


Автор: Қайырды Назырбаев

ДОСЫМ ЖӘНІБЕККЕ

«Сарыалқада» бәс тігетін,
Бәсте жеңіп, ат мінетін.
Туған жерге басып нық қадам,
Алтайдан ұзап шықпаған,
О, менің, қайран досым-ай!
Қайда жіберсе, сонда баратын,
Жаяу-жалпы қонып та қалатын.
Газеттің сулық-майлығы болған,
Азын-аулақ айлығы болған,
О, менің, қайран досым-ай!
Газетке терің сіңсе де,
Еңбегіңді елің білсе де.
Елемей ешкім, елеусіз жүрген,
Көтеріп, желеу-жебеусіз жүрген,
О, менің, қайран досым-ай!
Аласарып қалған тауыңды көріп,
Жүдеп-жадаған ауылды көріп.
Өткен-кеткенді ойлап жататын,
Еріксіз, іштей уайымға бататын,
О, менің, қайран досым-ай!
Жүретін кезде ірі боп,
Жай ғана көптің бірі боп.
Таралып, көшкен ауданда қалған,
Ертерек ұшпай арманда қалған,
О, менің, қайран досым-ай!
Көшкен үй, бос орынға қарап,
Сарымсақтыдағы қорымға қарап.
Үнсіз іштей мұңаятын,
Тірлікті ойлап жұбанатын,
О, менің, қайран досым-ай!
Қанаты ашылмай қалған ұшақ боп,
Басылмай қалған кітап боп.
Боран-шашын, дауылда қалған,
Азып-тозған ауылда қалған,
О, менің, қайран досым-ай!
Алтайдың әппақ боранын қимай,
Бірге өскен ел-жұрт... соларын қимай.
Әрі-сәрі жүріп жатқан,
Катонқарағайда тұрып жатқан,
О, менің, қайран досым-ай!
Бөлінбей қалған еншіміз боп,
Елдегі біздің елшіміз боп.
Жүре бер, бәрін ұғармыз,
Жыл сайын келіп тұрармыз,
О, менің, қайран, досым-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу