Өлеңдер ✍️

  11.06.2022
  174


Автор: Қайырды Назырбаев

Зер салып тарихқа өткен-кеткен...

Зер салып тарихқа өткен-кеткен,
Құлақ сап әңгімеге бізге жеткен.
Баяғы ата-баба шежіресін,
Тірнектеп жинап жүрмін аздан-көптен.
Ұрпақтар бірден-бірге аңыз қылған,
Жинадым әңгімені ел аузынан.
Бәйтеннің шежіресін түгел қылып,
Садықтың жазып алдым өз аузынан.
Барады бәрі ұмыт боп уақыт өтіп,
Білетін қариялардың көзі кетіп.
Ал енді Шоңмұрынның таралуын,
Сейтқазы айтып берді толық етіп.
Өтпейтін өмір бар ма бұл жалғанда,
Қамдандық білетіндер аз қалғанда.
Мұсаның шежіресі неше дана,
Жүр екен көзім көрді Оралханда.
Көңілі біз келгенде хош екен де,
Сыйлады соның бірін Бошекеңе
«Ел тарихын енді қолға алам» деді,
Ойладым: «Ең дұрыс сөз осы екен» деп.
Шынында ескермеппіз осы жағын,
Шежіре көп адамға бұлдыр сағым.
Кім білер осы күнде Қаратайдың,
Шешенін, ақындарын, батырларын.
Жіліктеп бар атаны тарататын,
Аузына дүйім жұртты қарататын.
Шалдардан кім бар екен осы күнде,
Ақылын, жоғалтпаған парасатын.
Адамның аз ба ұмыт боп қалғандары,
Оларға неге бір сөз арналмады?
Елеусіз дүниеден өте шықты,
Мұхтардай қара сөздің тарландары.
Толыбай, Өмір батыр қайда кеткен,
Мұсаға қаратайда кім бар жеткен?
Солардай небір асыл, ардақтылар,
Белгісіз дүниеден өтіп кеткен.
Тарихты қоя бермей жылы жауып,
Солардың жинау керек сөзін тауып.
Істерін кейінгіге үлгі етелік,
Ерінбей ерліктерін тағы жазып.
Тарихы ел мен жердің дара жатыр,
Жалғасып ұрпаққа-ұрпақ бара жатыр.
Жайлаған Алтай бауырын тамам қазақ,
Бабамыз Қаратайдан тарап отыр.
Уа, жұртым, елдігіңді, ерлігіңді,
Жыр қылып айтар екем енді кімге?
Япырмай, арттағыға кім қалдырар,
Дастан қып ел тарихын ендігіге.
Осы жай мазалайды жатсам-тұрсам,
Замандас, бізе тапсыр шежіре жисаң.
Парызын ұрпақтардың өтегенің,
Халқыңа азды-көпті қызмет қылсаң.
Бұлақ та өз басынан тұнады әлі,
Жиналып айдын көл боп тұрады әлі.
Баяғы ойлағаны сенің қамың –
Қакеңнің өздеріңнен сұрағаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу