Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  309


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ІСКЕ АСТЫ, АБАЙ, АРМАНЫҢ

Тұңғиық ақыл, терең ой
Өрісі кең Жайықтай.
Қиялы ұшқыр самғаған
Көктің төсін шарықтай.
Сүңгіп терең түбіне
Су серісі балықтай.
Қырымнан болжап қиынды
Шалдығып шаршап талықпай.
Шолпан болып ұлтына
Нұр сепкен түнгі жарықтай.
Қалың қазақ елінің.
Түбірі берік бәйтерек,
Белдігі темір қазықтай,
Абайға бүгін бір жүз жыл.
Соқтықпалы жерде өсіп
Күрескен жалғыз мыңменен.
Жұртын бастап жорыққа,
Биікке, шыңға сүйреген.
Өнер мен еңбек құмары,
Білімге халқын үндеген.
Кестелі сөздің шебері,
Мінсіз өлең жырменен,
Мен де сенен үйренгем.
Домбырамды серік қып,
Данышпаным, атыңды,
Мәңгіге өшпес хатыңды,
Паш етіп жұртқа үндегем.
Теңгеріп жарқын ойыңды,
Аспанда ай, күнменен.


Саралы көз, сортаң жүз
Сор маңдай, шерлі, шерменде.
Қосылып жырың жырлаған
Шеру тартқан сол күнгі,
Заманы сұр елмен де,
Түсіне білген сырыңды,
Мұңы бір мұңдас ермен де.
Жарқырап әлі жырың тұр,
Қартайсам да кеудемде.
Ұмытылмайтын өмірде,
Болмаса тек өлгенде.
Елу жылда – ел жаңа,
Қырық жылда қазан жаңарып,
Күндерден күн өткенде –
Қызыл шапақ таң атты,
Көкжиегі ағарып,
Толықсып талып күн шықты,
Түріп түнгі түнекті,
Бойды басқан сазарып.
Соқтықпалы жолды ашты,
Көрсетіп жөнді халыққа,
Отырған түнде қамалып,
Іске асты, Абай, арманың,
Сала берді өмір жаңарып.
Еңбекке жұрттың кенелді,
Білімнің шомып көліне.
Әттең қайтып келер ме ең,
Тіріліп қазір еліңе.
Есе тиді сенің де,
Сап алтындай сөзіңе.
Әлемге атың жайылып,
Тарихтың шықтың төріне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу