Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  79


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ОКТЯБРЬ

Тағы айналып жарқ еттің,
Шолпанындай шығыстың
Хош келіпсің, Октябрь –
Алтын кірпік күміс күн.
Тұла бойда бәрі бар
Байлық, бақыт, ырыстың.
Ізгіліктің, ерліктің
Қайнар бұлақ көзісің.
Туысқандық елдіктің
Түп атасы өзіңсің.
Ұлы күнім, Октябрь,
Еңбекші әлем сүйінген.
Иіп тарлан басымды,
Қол қусырам бүгін мен.
Сенің жарқын жүзіңнен
Қуат алған кәрі едім.
Жарқыраған күніңнен
Нұр құйылып жүрекке,
Жігіт болдым, шал едім.
Көрем сенің түріңнен
Алдым ашық сайрап тұр.
Бақытымның гүліндей
Болашағың жайнап тұр.
Жоспарымыз бесжылдық
Міне осының айғағы.
Нығаяды көркейіп
Ұлы Отаным аймағы.
Өскен жастан жерім деп,
Ұл мен қызы елімнің,
Еміренген елім деп,


Жүрегі батыр ерімнің.
Бесжылдықтың балғасын
Қолына алды бәрі де.
Қылшылдаған азамат
Жасы түгіл кәрі де.
Тәнім тозды, қартайдым,
Жүз жасадым демедім,
Мен де ұстадым балғаны,
Тисінші деп еліме,
Қартайсам да көмегім.
Тізе қосып жастармен
Еңбек етіп жатырмын.
Қаһарманы елімнің
Мен де айбынды батырмын.
Елдің батыр ұл-қызы
Қыздыр еңбек майданын.
Беки берсін іргесі
Октябрь тіккен орданың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу