Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  90


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

МАМЫҚ ҚЫЗҒА

Қарағым, көңілің ашық раушаннан,
Бетің аппақ жарқырап атқан таңнан.
Дидарыңды бір көрсем, көңілім өсіп,
Еккен жеміс секілді миуалаған.
Кәмшат бөрік шекеде жырта қарыс,
Қолаң шаш аш беліңе алты оралған.
Дарияның ортасында сен бәйтерек,
Мен бұлбұл бұтағыңа сайрап қонған.
Ғашықтықты шығарған бір мен емес,
Зылиха мен Жүсіптен мирас қалған.
Мен едім атағыңа көрмей қанған,
Құмарлығым ішімде от боп жанған.
Көк ала көк түтінмен лапылдаған,
Жалыны жүрегімнің басын алған.
Сенің тілің секілді алуа-шекер,
Сорсам, алтын қасықтай балға малған.
Қызы едің Ордабайдың сұлу Мамық,
Сұлу деп Жалайырда таптым танып.
Үй арасы әркіммен айналысып,
Деп жүрме түн қараңғы, түндік жабық.
Құс ұшып, алар аң жоқ, бәрі жаман,
Махаббат майданында жүрсіз бе аман.
Жемге тіл, сусынға сөз сізден күттім,
Қондырмас төс тұғырға бөтен адам.


Сөзімді қадірлей көр, жан жанарым,
Жаныңа шын батпай ма аһ ұрғаным.
Мойныңда құрбылықтан қарызым бар,
Өтемей кетермісің, не қылғаның?
Ауыл жау, шын жақсыға аудан да жау,
Опасыз жолдастықтың арт жағы дау.
Бет бедері демеңіз, жас жанарлы
Кісімен сырлас болған ақылы сау.
Жолым тарлау жігітпін, жолбарыстай,
Аттасам, айшылық жол бір қарыстай.
Жат көріп, жатырқама, қалқам Мамық,
Сыр бермес, сырғып кетпе бейтаныстай.
Кей адам қу сөзбенен іші қайнар,
Құрметіңіз болмасын мені аяр.
Жол түзеп, жолбарыстай жортып кетсем,
Өлгенше өз басымен орын даяр.
Ғизатлу сәлем айттым қалқатайға,
Ішімде ғашық оты болды пайда.
«Күн игі өткенінен» деген сөз бар,
Сөзіме жауап қайтар осындайда.
Басында биік таудың бітер андыз,
Сен үшін жолбарыстай жорттым жалғыз.
Қолыма тие қалсаң, қайран Мамық,
Басқаны, хор да болса, не қыламыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу