Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  132


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

КЕДЕЙЛІК

Екі арсыз қатар шыққан - ұйқы, тамақ,
Кедейлік ұстап алды жүндей сабап.
Өнер шіркін өрлетіп жатқызбайды,
Домбыра ап, өлең айттым, қылып талап.
Кедейлік ортаға алып қамалайды,
Менен басқа кісіні таба алмайды.
«Жетім кедей, мұнымен не өндірдің», - деп,
Бай баласы мазақ қып, табалайды.
«Өлеңді қой, қозы бақ, кедей!» - дейді,
Кедейді кедей демей, не дейді енді.
Кенже ұлы кедейліктің мен болдым ғой,
Еш адам талабыма теңелмейді.
Талабым таудай туған өнерлі едім,
Емін-еркін еркіме жібермейді.
Бай десе, мұздай қатқан жүрек-бауыр,
Бұлт көшіп, шілде түспей, жібімейді.
Қолда мал жоқ болғанмен, көңілім бай,
Байлығым, жомарттығым Атымтайдай.
Артымнан бір қалмадың, қу кедейлік,
Еркіңде сірә сенің болмайтындай.
Кедейдің бір жаманы - кежір кедей,
Бай баласы құриды, ішпей-жемей.
Жайдары, жақсы болмай, кесірленед,
Не дейді енді мұны, кежір демей?


Бас білген кедей болдың тіліңді алар,
Айт десең, ұшып-қонып қолға қонар.
Не жұмыс қайырлы боп орнына кеп,
Ең түбі сол кедейдің ақыр оңар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу