Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  244


Автор: Иманжүсіп Құтпанұлы

Дүние-ай, өзімді-өзім шамаладым...

Дүние-ай, өзімді-өзім шамаладым,
Жанашырлық ұлықтан таба алмадым.
Мұндай естек зорлығын көргеннен соң,
Ет қызып алды-артыма қарамадым.
Айдауымен тағдырдың кетіп барам,
Көрмеген талай жерді араладым,
Естекке қарсы адамды табамын деп
Қайратты, қажырлыны жағаладым.
Тізесі мұндар естек батқан екен,
Құдай мені дос санап атқан екен.
Еңбегім текке кетіп жалғыз қалдым,
Алпыс жігіт бір жанға санамадым.
Дәурен сүрдім бір кезде құстай ұшып,
Тоты құстай сайраған сайға түсіп.
Төл өскен ормандағы айдаһар ем,
Аяңдадым жаяулап жолға түсіп.
Ата жауын жіберіп жер аударып,
Отыр ғой мұндар естек көңілі толып,
Ұзақ жолда жалғыздық жаман екен,
Келе жатыр батырың құса болып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу