Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  255


Автор: Серік Тұрғынбеков

МАНСАП ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

...Бағзы заман.
Байтақ елде бір Мансап
Сайран салып,
Сән-салтанат құрған шақ...
Соған бәрі жегіліпті құл болып,
Тек сонікі – жемісті өлке, гүлді алқап.
Тек онікі өзен біткен, тау біткен,
Жұмысы жоқ Сұраншымен, Саурықпен.
Қабанбай мен Бөгенбайда ісі жоқ,
Бәріне де қарайды екен жаулықпен.
Қарайды екен көзін жұмып бәріне,
Есеп емес, жас па, әлде кәрі ме?
Талай боздақ табанында жаншылған,
Шыдай алмай заһарына, зәріне.
Қарсы алдында төбе бар ма, тау бар ма,
Құлай кеткен көңіл шіркін ауғанда.
Елемепті ел-жұртының көз жасын,
Қара нөсер жаңбыр болып жауғанда.
Жан біткеннің біріне де бағынбай,
Айыңа да, күніңе де табынбай.
Жердің бәрі, елдің бәрі теп-тегіс
Көз алдында бұлдырапты сағымдай.
Мейлі оған –
Көктем бе екен, күз бе әлде?
Шыңырау ма,
Шырқау шың ба, құз ба әлде?
Қасына алар,
Қаласа егер көңілі,
Қарамайды –
Қатын ба әлде, қыз ба әлде!
Қар жауады –
Қабағы қарс түйіліп,
Қалың елді шыбықпенен үйіріп...
Өзі Мансап,
Өзі найсап болған соң,
Төңірегі тұрған түгел иіліп...
Сүлгі беріп,
Су құйса да қолына,
Елең қылып, ел демеді оны да.
Маңғаз қарап,
Маң-маң басқан Мансаптың
Жағымпаздар құрбан болды жолына.
Айтқан сөзі кем болмаған жасыннан,
Жақсыны да, жаманды да басынған.
Елдің бәрі бір өзіне бәйек боп,
– Тақсыр!
– Тақсыр!
– Тақсыр! – деумен бас ұрған.
Өсек айтып жүгірткенмен сан-саққа,
Жанбай қойды күйдіргенмен қанша отқа.
Жауды жеңген,
Дауды жеңген дүлейлер
Әлі келмей қор болыпты Мансапқа.
Дүние-мүлкін шашудайын шашты да,
Кезі келсе тапап кеткен тасты да.
Аспан жақта – көңілі де, көзі де,
Қарамаған табанының астына.
Мансабыңның жеткен жері осы ма?!
Жан адамды серік қылмай қасына.
Місе тұтпай төбешікті, төмпені,
Құзар шыңның бір-ақ шыққан басына.
Содан кейін төңірекке қараған,
Шың басында жалғыз ғана дара жан.
Қыбыр-қыбыр қара жердің төсінде,
Құмырсқадан айнымапты бар адам.
Өзін артық санаған соң өзгеден,
Шел қаптаса көрмейді екен көз деген.
Марапаттан басы айналған Мансабың
Шың басында тұрғандығын сезбеген.
Содан кейін...
Белгілі ғой дерегі.
Қу топырақ көміп жатты денені.
...Шың басынан құлап түскен Мансаптың
Енді ешкімге болмай қалды керегі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу