Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  322


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАСКЕЛЕҢ ВОЕНКОМЫ

Емес ол алған беттен тайынатын,
Өлеңі ел-жұртына жайып атын.
Қасқайып кабинетте отыр бүгін
Қаскелең военкомы – Тайыр ақын.
Қаламын қайта-қайта қолға алады,
Қолға алып, әлденеге толғанады.
Кейде ол ұшатұғын қыран құстай,
Қаранып жан-жағына қомданады.
Бір қойып мәселені төтесінен,
Түсірген қиындықты жетесінен.
Жалт етіп жанарынан от ұшқындай,
Қалт етіп қарағанда шекесінен.
– Бұл елдің тұлпары да,
Тұйғыны да,
Орысы,
Қазағы да.
Ұйғыры да –
Бәрі де майдан үшін... – деді-дағы,
Тез тұрды көз ілеспей қимылына.
Қан майдан тылдағы елді қинап бітті,
Әуелден арындаған тыйды аптықты.
Жамылып сұр шинелін иығына
Жүргенде жып-жинақы,
Ширақ тіпті.
– Гитлер қыңсыласа да құтыр-құтыр,
Қабырғаң сынар әлі күтір, күтір...
Қаскелең военкомы адымдайды –
Аяқта құрым етік сықыр-сықыр.
Көп сурет көз алдынан сырғып өтті,
Шымырлап,
Шымшығандай жыр жүректі.
Сол сәтте шығандаған ойды бөліп,
Телефон екі-үш рет шылдыр етті.
Телефон тым алыстан тіл қаттырған,
Ақынның жүрегіндей жырлап тұрған:
– Ало! Ало! Алматы ма?
– Иә, мен ғой...
Қаскелең военкомы тыңдап тұрған.
Бұзылып сол сәт ақын жиі реңі,
Қабағы қайта-қайта түйіледі.
Қаскелең военкомын осы мезет
Түсініп тіл табысу қиын еді.
– Ақсақал, бәріміздің баламыз бар.
Қазіргі жаудың зәрі – далада ызғар.
Қасым жүр қан майданда,
Ғабдол да жүр,
Солардан кімдер артық, қараңыздар!
Кейбіреу қолы сынық,
Аяғы ақсақ,
Болса да жағдайы жоқ тая баспақ.
Намысқа тырысатын келді кезең,
Ұйқыдан тез серпіліп ояна алсақ.
Әуелден жыр мұратым,
Ән мұратым,
Жасауға мен дайынмын жанға рақым.
Егерде бұзған болсам елдің сертін,
Жазамды өзі берер Жамбыл ақын.
Жолындай бұра тартып басқа өлеңнің,
Жағдайын көрсетерсіз сасқан ердің.
Тәтемнің айтқан сөзі:
«Қан майданнан
Қалмасын бір баласы Қаскелеңнің!»
Ақсақал, көне алмаймын билігіңе,
Шама жоқ, шалқаюға, илігуге.
Ал тіпті, керек десең,
Біздің міндет –
Ұсыну еңбекпенен сый бүгінге.
Кезсең де қай ауылды,
Қай өлкені,
Бәрінің өскен бүгін ой өркені,
Ақсақал, бұл сөзіңе көне алмайды...
Көне алмайды...
Қаскелең военкомы! –
Деді де трубканы ұрды қатты,
Ширығып өз-өзінен тұрды қатты.
Ақынның көз алдынан сол бір сәтте,
Сусылдап сұмдық сурет сырғып жатты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу