Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  89


Автор: Серік Тұрғынбеков

СОЛ БІР ҚЫРШЫН ЖАС ҮШІН

Сенің бүгін несібеңді кем қылмас,
Қан майданнан
Қайтпай қойған өндір жас.
Сен – елімнің жығылмаған туысың,
Сен – әкесің,
Сен – ағасың,
Сен – құрдас!
Әкелігің –
Мен артында қалғаным.
Аға болып
Ойладың сен ел қамын.
Құрдассың сен
Отызға да келместен
От-жалында
Опат болған арманың.
Мына менде
Болмас бұдан басқа арман,
Сен от болып
Жанып түстің аспаннан.
Сен оқ болып
Жауыздарға атылдың,
Сен бір тарих
Жаңа ғана басталған.
Бел шешпестен
Бес қаруын қолға алып,
Ер жігітсің
Аты шыққан елге анық.
Сен – мәңгілік жанып жатқан алау,
Сен – Нұркенсің,
Сен – Сұлтансың,
Сен – Мәлік!
Ортайтпаған туған елдің ырысын,
Өлмес,
Өшпес ісіңменен ұлысың.
Әрбір сөзі жау жүйкесін жұқартқан
Тоқсандағы қарт Жамбылдың жырысың!
Қан майданнан
Қайтпай қойған қыршындар,
Жұлдыз болып көкте жанып тұрсыңдар.
Сендерге әлі
Жазылмаған бір жыр бар,
Сендерге әлі
Айтылмаған бір сыр бар.
Соны жырлау,
Соны айту – борышым.
Маған міндет –
Саған беру қол ұшын.
Бір жоспарға
Екі жоспар қосамын,
Бір кірпішті артық қалап
Сол үшін.
Өткен күннің
Толтырдық та кемісін.
Жеткен күннің
Татып жүрміз жемісін.
Сен жаныңды қиған болсаң мен үшін,
Мен терімді төгіп жүрмін сол үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу