Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  88


Автор: Серік Тұрғынбеков

Өткен күнді

Өткен күнді
Енді қайтып қоштар кім?!
Қызығына түстім әбден жоспардың.
Көз боядық, сөз боядық ұрандап,
Асуларын алу үшін асқардың.
Билігі бар кісі болса бас ұрып,
Ел алдында артық-кемін жасырып.
Жөн-жосығын байқамастан, білместен
Айтқан сөзін істей бердік асығып.
Тақта отырған тәңіріден кем көрмей,
Болдық оған сенбесек те сенгендей.
Ол дағы бір ауру еді – дерт еді,
Сол бір дерттен жүре бердік емделмей.
Немен тынды енді соның аяғы,
Мұхит-көлдер таусылуға таяды.
Су тартылып,
Таулар тозып,
Жер азып,
Жүдеп қалды
Жасыл белдер саялы...
Етек-жеңін жия алмады ел-халық,
Одан гөрі жағымпазды қолдадық.
Жоғарыға, көпе-көрнеу өтірік,
Жалған жоспар үсті-үстіне жолдадық.
Кабинеттен шықпаса да қос қадам,
Аралды айтып әлдекімдер «қақсаған».
Алпауыттар,
Апайтөстер көбейді
Жалпақ елді жанарымен жасқаған.
Жатты халқым қапаланып, зар қағып,
Біле тұрып Аралға да бармадық...
Одан гөрі саясы көп, бағы көп,
Қара теңіз,
Қырым, Кавказ шарладық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу