Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  100


Автор: Серік Тұрғынбеков

БУРАБАЙДА ЖАРТАСТАР БАР...

Бурабайда жартастар бар,
Неткен шебер тас қалас.
Құламастан тік қалған,
Жазық маңдай, қасқа бас
Айнымаған Мұхтардан
Бурабайда жартастар бар.
Сездіргендей жас күшін,
Кесек кескін, күміс шаш,
Мынау тылсым тас мүсін
Шоқанға да тым ұқсас,
Бурабайда жартастар бар.
Долы толқын екпіні
Тиген жерін жанышқан.
Анау жартас кескіні
Айырмасыз Қаныштан,
Бурабайда жартастар бар.
Үрейіңді жеңдірсең,
Тура қарап аспанға.
Ұлылардың, мен білсем,
Еншісі бар тастан да,
Бурабайда жартастар бар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу