Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  320


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ ОЙ

Бұл жерге келсең, жаным, мұңдасып қал,
Болсаң да құмға асыққан, шыңға асыққан.
...Жұптасып бір қабірде қалдыңдар ма,
Осылай өледі деп шын ғашықтар.
Талқыға емес олар тез жасыған,
Көруге мұңды болған кезде асығам.
Қозы менен Баянның тас қабірі
Халықтың тамып түскен көз жасынан.
Аза тұтып, жамылып қара шәлі,
Аспан да кетті білем аласарып.
Қайғының ұясындай ұйып қалған,
Төсіне қара жердің жара салып.
Махаббат жоқ дегеннің бәрі өтірік,
Көрмесе жігіт жүдеп, жар өкініп.
Қалайша ажырайды адал жарлар
Қабірін қос ғашықтың көре тұрып?!
Тағдырды осылар ғой талақ еткен,
Бақытқа осылар ғой дара жеткен.
Қызықты қалдырды да мына бізге,
Қырсықты өздерімен ала кеткен.
Бұл күнде болмас енді аза мұндай,
Басынан ойын-сауық мәз арылмай.
Адамға адалдықты нұсқап тұрған
Мәңгілік махаббаттың мазарындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу