Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  136


Автор: Серік Тұрғынбеков

АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ

Үңілемін,
Бәріне үңілемін.
Беу, не деген ғажайып ғұмыр едің!
Тарихтың маржанын сүзіп алып,
Кәусар бұлақ суындай сіміремін.
Сыр шертеді алуан жайды ұсына,
Болысқан кедей-кепшік байғұсына
Жас Абайдың қызықтап қуанышын,
Қарт Абайдың қосылам қайғысына.
Өткен күннің жазылса жайы маған,
Соның бәрін толғанып ойыма алам.
Қайран Абай қайыспас қара нардай
Мыңмен жалғыз алысып мойымаған.
Бір сәт ойлап жымисаң балалығын,
Бас иесің еске алып даналығын.
Жаяу жүріп кезгендей боласың сен
Жидебай мен Семейдің аралығын.
Бұл жерде алуан-алуан сезімге еріп,
Білесің болғандығын төзім берік.
Бас сұқпай дәл осы үйге кетіп жүрме
Абайдың қайтам десең көзін көріп.
Үлкендер қалмағандай басқа амалы,
Шығады кірпіктерін жасқа малып.
Өйткені ұлы Абайдың
Өлмес рухы
Тек қана осы арадан басталады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу