Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  204


Автор: Серік Тұрғынбеков

СІҢЛІСІ САРАНЫҢ

Сен шығарсың шынында
Бір сіңлісі Сараның.
Естілмеген ғұмырда
Тәтті жырың,
Бал әнің.
Балапандай қайта ұшқан,
Біржан салмен айтысқан
Сара болып шығу да
Оңай емес, қарағым.
Сара кім?!
Хабаршысы жаңаның,
Қарлығашы даланың.
Үздік шыққан ақын ол,
Жырдың тауып амалын.
Бұзып шыққан батыр ол
Қараңғылық қамалын.
Бірақ... бірақ бұл күнде
Білдің бе?
Тұрысбек жоқ ту сырттан
Ашып тұрған аранын.
Дұрыстап қақ сондықтан
Домбыраңның шанағын.
Сара болсаң сен-дағы
Аспан, жерді шарлап өт.
Артта қалып шаңдағы
Хас тұлпардай парлап өт.
Асу белдер жолда көп...
Ашылсын деп ойласаң
Жырдың бағы – жан бағы,
Ақ сәуледей таңдағы
Біржан сынды Сараға
Салғыласар сал керек.
Аққу мойның созасың
Сондай адам бар ма деп...
Сен шығарсың, саналым,
Бір сіңлісі Сараның.
Тербеп-тербеп кел онда
Жырдың өңшең дарағын.
Сермеп-сермеп кел онда
Сөздің семсер жарағын.
Текке жұтып жүргем жоқ
Жетісудың самалын.
Бұзылмаған ырғағы,
Бүгінгінің Біржаны
Мен боламын, қарағым,
Айтылған жоқ бар әнім.
Ынтық қылып өзіңе,
Өртесе де жанарың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу