Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  247


Автор: Серік Тұрғынбеков

БАЙҚОҢЫР

Биікке бар адамның жаны құштар,
Кез туды арғымақтың жалын ұстар.
Осылай Сарыарқаның сауырынан
Ұшады күнге қарай самұрықтар.
Қияға талпынудан қаша ма адам,
Үйренген ғажайыптар жасап әман.
Қайда да биіктікке баратын жол
Тек қана басталады осы арадан.
Арасын жалғап жатқан Аспан мен Жер,
Зымыран самғауынан жасқанған бел.
«Ең ұзақ, алыс сапар болашаққа
Тек қана осы арадан басталған» дер.
Тарихтың өзі айтады осылай деп,
Оған да куә болар Ғасыр, Ай, Көк,
Сыйдырған соның бәрін бедеріне
Аспан – бір жалтылдаған жасыл әйнек.
Бұл жерде шертіледі күй асыға,
Ән болып жусаны да, миясы да.
Қырандар қияға ұшып кеткенімен,
Жатады қайта қонып ұясына.
Бас иіп адамзатқа дүлей мекен,
Қырандар сенде ғана түлейді екен.
Өзінен ұшқан құстың балапанын
Байқоңыр «сау келсін» деп тілейді екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу