Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  97


Автор: Серік Тұрғынбеков

Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә...

Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә...
Жезге ұқсайды қынай бел, қамысы да.
Мынау дала мың мәрте ырза шығар
Қасиетті перзенті – Қанышына.
Жез өзендер толқынын қозғап ақты,
Көрдім талай топтардан озған атты.
Бұл өлкеде жүйріктер жеткілікті
Жез омырау,
Жез табан,
Жез қанатты.
Адам болса егер де ән ұғарлық,
Оны осынау өлкеден таныған жұрт.
...Жез далада жүйткиді жезкиіктер
Жез жусанға тұяғын малып алып.
Бұл өлкенің жезге ұқсап батқан күні,
Жезге ұқсайды жайқалып жатқан гүлі.
Жезге ұқсайды аспан да,
Асқар тау да,
Деме, досым, әншейін мақтан мұны.
Бұл өлкеде жез кірпік дән өседі,
Бұл өлкеде жез таңдай ән еседі.
Бұл өлкенің байлығы жетер еді-ау,
Жезбен қаптап қойса да дала сені!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу