Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  149


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАР ЖАУҒАНДА

Қар жауғанда
Бүкіл дүние түлейді.
Мынау таулар,
Мынау баулар тұр ойлы.
Көк төсінен түсе қалған ақша қар
Қара жерге бір-ақ табан тірейді.
Қар жауғанда
Дала жайнап сілкінер,
Сықыр-сықыр...
Сыңғыр-сыңғыр күлкілер.
Жаңылысып қалып жатыр ізінен
Қырдан қашқан
Қарсақ, қоян, түлкілер.
Қар жауғаны –
Жауғаны ғой маржанның.
Қар жауғаны –
Лаулауы ғой арманның.
...Аспан жаққа көз салады қарт шопан,
Қарын күреп ашық қалған албардың.
Қар жауғанда
жапалақтап, қылаулап,
Қайран көніл алаңдайды сыр аулап.
Ақ шағылға,
Ақша гүлге айналып,
Жанға ұнайды,
Маужырайды мынау бақ.
Қар жауғанда
Дархан дала жаңғырып,
Қара жердің тамырына қан жүріп,
Бұрқ-сарқ қайнап,
Алып қазан –
Ақ қазан
Дәл осылай қалатындай мәңгілік.
Қар жауғанда
Қайта қунап қара орман,
Ұйпа шашын ақ тарақпен таранған.
Қалғандайсың ақ шымылдық ішінде,
Әттең, дүние... бәрі өткінші, бәрі арман.
Бұрқырайды байтақ өлке қырмандай,
Күн жымиып,
Ай да мойын бұрғандай.
Қар жауғанда...
Қар жауғанда,
Аспан – Жер
Бір-бірімен құшақтасып тұрғандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу