Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  89


Автор: Серік Тұрғынбеков

Сені ойласам –

Сені ойласам –
Кетеді еркім мүлде
Сертің бірге болған соң –
Дертің бірге.
Әуре-сарсаң бір ғажап күй кешемін,
Сөндіре алмай махаббат өртін күнде.
Сені ойласам –
Қиялға берілемін
Құрақ ұшып, қайтадан жерінемін.
Өзімді-өзім бақытты жанға балап,
Өзіме-өзім жексұрын көрінемін.
Сезіктенбе,
Сен менен сезіктенбе,
Азабыңа көрейін төзіп мен де.
Тұла бойың дуылдап,
Тән жаңғырар,
Екі ғашық қауышып кезіккенде.
Жастық шағым келмейді жылағанмен,
Тағдыр қайтып бермейді сұрағанмен.
Ауыртамын жаныңды – жүрегіңді,
Ауыртпасқа қоймаспын, сірә да, мен.
Әлі талай мен сені жылатармын,
Тау қопарып,
Тасты да құлатармын.
Сүйермін де, күйермін,
Сосын барып,
Мәңгілікке мен сені ұнатармын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу