Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  66


Автор: Серік Тұрғынбеков

Махаббат жалына

Махаббат жалына
Жаңылмай жармастым.
Тіліңнің балына
Бәрібір қанбаспын.
Кезіксем кеселге
Кезенбей қалмассың.
Шын сүйдім десем де,
Сен оған нанбассың.
Еш болып еңбегім
Кетсе де талмаспын.
Тілекке көнбедің –
Тілімді алмассың.
Өзіңді сүйгендей
Өртеніп жанбаспын.
Тау-тастан именбей
Тек қана алға астым.
Алқынып демім де,
Шарқ ұрып келермін.
Зор болып өмірде,
Қор болып өлермін.
Бір күйіп, бір ысып,
Есімнен танармын.
Намысқа тырысып,
Алысқа шабармын.
Артыма қарармын
Жарасаң еруге...
Ақыры қалармын,
Құлаған жерімде!
Мен сөйтіп өлермін,
Сырыңды бүкпеші.
Сен жайлы өлеңнің
Сол болар нүктесі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу