Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  80


Автор: Серік Тұрғынбеков

Танысқалы көп болды...

Танысқалы көп болды,
Табысқалы...
Жүрегімді бір сезім жаныштады.
Құшағымнан кетпеші,
Кетсең егер,
Тұрғандай-ақ басымнан бақ ұшқалы.
Өңім болды –
Көрген түс – сол бір елес,
Қайта айналып келгендей қайран он бес!
Қолға, бәлем, түстің бе,
Енді сенің –
Қыр соңыңнан өлсем де қалғым келмес.
Ғашықтықтың мұндайда күші басым,
Кетемін деп иегің қышымасын.
Әжем іздеп қалар деп,
Әзілдесем,
Әденеге алаңдап, қысыласың.
Қалай сені дей алам жат, бөтенім,
Өзің барда көрікті бақ-мекенім.
Айтып қалдың аңдаусыз (оның рас)
Ағаңның да мінезі қатты екенін.
Еркек деген, дейсің-ау, аусар халық,
Ертек айттық ерте-кеш, тауыса алмадық...
Торға түскен тотыдай сен отырсың
Екі көзің жаудырап, жаутаң қағып.
Шарап іштік –
сен қалай ұтылмассың.
Шылым шектік –
Бөлмені түтін бассын.
Естен танып жатырмыз,
Есік берік –
Қашсаң-дағы сен енді құтылмассың...
Өткен істің жандырып өрті күшті,
Өкініштің өзекті дерті қысты.
...Таң да атты ағарып,
Қылмыстыға
Атқан таңның өзі де қорқынышты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу