Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  108


Автор: Серік Тұрғынбеков

Жанарыңнан бір моншақты үйіріп...

Жанарыңнан бір моншақты үйіріп,
Жылдам басып шығып кеттің киініп...
Кейін білдім ауырғанын жанымның,
Қабағымның қалғандығын түйіліп.
Іле-шала жүгіріп ем артыңңан,
Қарамадың – жалынсам да, қиылып.
Одан кейін қараңды да көрмедім,
Арамыздан хабар-ошар тиылып.
Осы күні... осы күні жүрегім
Тоқпақтайды – тар кеудемді жиі ұрып.
Ойлай-ойлай әлім кетті бойымнан,
Қайнай-қайнай қаным кетті сұйылып.
Ешкім енді емдей алмас дертімді,
Бүкіл әлем дәрігері жиылып.
Тұр екен ғой, тұр екен ғой
Дүние-ай,
Піскен алма бұтақтары иіліп.
Қандай қиын...
Қандай қиын құр қалған
Дастарханда тұрған дәмнен бұйырып.
...Енді бүгін «бір көрсем» деп тілеймін,
Құдайыма қайта-қайта сыйынып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу