Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  80


Автор: Серік Тұрғынбеков

Ақ махаббат!

Ақ махаббат!
Қашаннан Кием едің,
Саған деген таусылмас сый-өлеңім.
Қиналғанда қан жұтып,
Қамыққанда,
Иек артып, өзіңе сүйенемін.
Сенен ғана жаралған –
Күйім, әнім.
Сен сарқылсаң – мен де сап тиыламын.
Саған ғана
Имандай сенемін мен,
Саған ғана
Құдайдай сыйынамын!
Сеніменен дос болмас дарақылық,
Қорғап келем Арыңды ара тұрып...
Сенесің бе, Махаббат,
Сенің арқаң –
Дүниеге келгенім жаратылып.
Сенің бүкіл болмысың таныс маған,
Қайғы-мұңың кеудемді жаныштаған.
Мақсатымды пенделік мансұқ қылса,
Махаббаттың алдында намыстанам.
Махаббатты түсінбес қуыс кеуде,
Араз болар доспен де, туыспен де.
Бұл шіркіннің бір татып бал-шырынын,
Содан кейін...
Мейлі ғой – у ішсең де.
Толған аңыз,
Толған сыр төңірегің,
Тыңдадым да, жыладым, еңіредім.
Сенің сөзің біреу-ақ: не бар, не жоқ,
Сенің жолың біреу-ақ: Өмір, Өлім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу