Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  91


Автор: Серік Тұрғынбеков

Бозала таңның буымен

Бозала таңның буымен
Бусанып ұшты бозторғай.
Жылқылар жусап түнімен,
Ұйқыға көңіл, көз қанбай.
Бір шуақ ыршып үнінен,
Не деген күйші жезтаңдай.
Сармаса буған шіркіндер,
Шалғынның шөбін тауыса алмай,
Шалқақтап ішпей тұнықтан,
Тұнық су салқын кәусардай,
Жылқы мен торғай дауысы,
Қосылса бұлақ ағысы,
Қозғалар сонда ырғалып
Айнадай көлдің қамысы.
Бозторғай ұшар пыр етіп,
Жылқылар жүнін түлетіп,
Төбеде жүрген лашынның
Құлқынын қояр тілетіп.
Бір дүлей буып даланы,
Тарқамай қалар бір құмар,
Бір шәйпау жел жеткенде...
Бетеге басын шалады
Бағана жүрген жылқылар
Бозторғай ұшып кеткенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу