Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  99


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЖЕР ДЕГЕН – БІР ТІРІ АДАМ

Тіршіліктің тұрағы.
Баяны бар.
Талықсысаң, тау-тасын сая қылар.
Жер деген – бір тірі Адам,
Оның-дағы
Басы, көзі,
Қолы мен аяғы бар.
Тіршіліктің
Тоқтамас арман әні,
Қанша қырғын сорлатты сар даланы.
Жер деген – бір тірі Адам,
Түсінгенге
Күрсінеді,
Жылайды,
Зар қағады.
Нағыз Ерлер қолына ту алады,
Дала соған жұбанып,
Уанады.
Жер деген – бір тірі Адам,
Түсінгенге
Күлім қағып,
Шаттанып,
Қуанады.
Еңбек еткен ешқашан ерінбейді,
Шабан қыран
Шау тартса, жем ілмейді.
Жер деген – бір тірі Адам,
Түсінгенге
Екіге...
Үшке ешқашан бөлінбейді.
Біз ұқпасақ жер жайын кім ұғады,
Ашығанда шындықтың қымыраны.
Жер деген – бір тірі Адам,
Түсінгенге
Қажығанмен, қайтадан тынығады.
Заман бар ма тарихын тыңдатпаған,
Әр тарауы,
Әр жолы қымбат маған.
Жер деген – бір тірі Адам,
Ана ғой ол –
Бәрімізді әлдилеп,
Құндақтаған.
Ағыл-тегіл береке, ырыс, құтты.
Кететіндей кеңейіп тыныс тіпті.
Жер деген бір тірі Адам,
Түсінгенге
Ғұмыр бақи тілеген тыныштықты.
Араласпай тұра алман, рас, дауға,
Бармын және құпия сыр ашпауға.
Жүрек – таза,
Ой – таза,
Көңіл – таза,
Тазалықты болмайды ластауға.
Ұсынуға болмайды гүлді кімге,
Дүниенің бар кілті тұр білімде!
Дала – тыныш,
Тау – тыныш,
Орман тыныш,
Тыныштықты болмайды бүлдіруге.
Тыныштықта бұзбайды шың, құз қалпын,
Қадалатын төсіме
Жұлдыз да – алтын.
Алтын аймақ – қаптаған
Төрт түлік мал,
Төрт түлікті баптаған
Ұл, қыз да – алтын.
Ұнайды осы дәстүрім,
Салтым маған,
Қырағымын қорғаған халқымды аман.
Алтын Заман –
Жазылған Алтын Кітап,
Алтын Әріп қалатқан
Алтын қалам.
Ерлігім бар шежіре
Хат боларлық,
Ән-жырым бар масайрап,
Мақтанарлық.
Жарқын күнде
Жайраңдап жүру үшін,
Алтын күнде
Алтын дән қаптап алдық.
Бүгінгідей ерекше
Ертең ісі,
Бұғып жатпас шабыттың ерке құсы.
Алтын әжем айтатын әдемілеп,
«Алтын балық», «Алтын құс» ертегісі.
Алтын заман –
Дәл осы Алып заман,
Алтын құсы төбеде қалықтаған.
Құпияны ғаламат ашып жатыр
Құлақ естіп, көз көріп,
Жан ұқпаған.
Болашағын заманның халқым ойлар,
Талма өзекке тапқандай тамшыдай нәр.
Қамал болсын соғысқа ел тілегі,
Аман болсын «Алтынбек», «Алтынайлар».
Тілек біреу,
Тап келсе қайғы да – ортақ.
Құт, қазына,
Береке, байлық ортақ.
Ел ортақ –
Арман-мақсат бірге болса,
Жер ортақ –
Аспандағы Ай, Күн ортақ.
Тілектес бол,
Құрдасым, бауырласым,
Артымызда дау қалсын,
Дауыл қалсын,
Бейбіт күнде тып-тыныш соғып тұрған
Жер жүрегі сау болсын,
Ауырмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу