Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  92


Автор: Серік Тұрғынбеков

ТЕРІСАҚҚАН

Қақ төрінен Арқаның қоныс алып.
Қақты қанат толқының – толы шабыт.
Өзен біткен оңына ойысқанда,
Жалғыз өзің жатасың теріс ағып.
Құтылмай-ақ қойдың-ау бұл атақтан,
Аққан сайын ағынның қуаты артқан.
Барлық өзен бір бағыт,
Ал, сен болсаң,
Қыңыр кісі секілді бұра тартқан.
Кеуде керген Арқаның даласында,
Даңқы бөлек дауылпаз, дарасың ба?!
Өрге тартып барасың өр мінезбен,
Есіл – Торғай екі өзен арасында.
Алып жатсың арнаңмен күш даладан,
Иірімің,
Иінің нұсқа маған.
Осы қалпың ұнайды,
Осы салтың –
Басқаларға бағыты ұқсамаған.
Өрге қарай ылдидан өріс алып.
Тыңдағанға тасқыны, селі – шабыт.
Он өзенді оң аққан
Ойыма алмай,
Сен түсесің есіме теріс ағып.
Өзің қожа, өзің би, еркіндейсің,
Басқа өзенді маңыңа келтірмейсің.
Оң басталып, созылған солға қарай,
Арабтардың әдемі әрпіндейсің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу