Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  103


Автор: Серік Тұрғынбеков

ЕСІҢДЕ МЕ, ЕСІЛ?

Есіл, сенің есіңде ме?
Келмеді көңіл күйің,
Хошың неге?
Егіліп ағыл-тегіл ағушы едің,
Мезгілің екінді ме?
Бесінде ме?
Егіліп ағыл-тегіл ағушы едің,
Желініп байланғандай бағың сенің.
Кеміріп өз арнаңды өзің сорып,
Серілік жасай алмай налушы едің.
Ел сені еркелетіп ұнататын,
Кезіңді күтуші едім гүл ататын.
Жағаңа Ақан сері, Біржан сал кеп,
Жаныңды жабырқаған жұбататын.
Иә, иә, есіңде ме, Есіл, сенің,
Жан сырын ағытпайды шешілсе кім?
Есілдей есті өзеннің еркін бермей,
Құр босқа еңіреттім, кешірші, елім.
Суыңа көп тамыздым көз жасымды,
Көргенше ғазиз заман, әз ғасырды.
Отырмын енді бүгін елден ерек
Көркіңе теңей алмай өзге асылды.
Есілім, есіңе алшы өткен күнді.
Бәлкім ол сені талай кектендірді.
Ал бүгін алқызыл гүл айналаңда,
Аймағың неткен әсем,
Неткен нұрлы!
Есілім, есіңде ме?
Есіңде ме?
Түк тамбай тандыр тартты төсің неге?
Сол сырды сен айтпайсың, мен айтайын,
Тіс жарып, тіл шығарып,
Еш үндеме!
Аға бер, сол баяғы қалпыңменен,
Жарқылдап күміс күнмен алтын денең.
Сол сырды көпшілікке жаю үшін
Сырласып көрейінші халқымменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу