Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  67


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАЗАСАЛҒАН

Қашаннан «Қазасалған» қазыналы.
Жаныма жасыл жайлау жазы ұнады.
Қызығын атамекен, атақты елдің
Тауысып болған жоқпын жазып әлі.
Шоқ талдар су ішуге асыққандай,
Жақпарлар ақ толқынын шашып, талмай.
Көктемде арқа-басы кетер кеңіп,
Жеткенде Ұлытаудан тасып Торғай.
«Қарсақ» шың қас батырдай шарт түйіліп,
«Қаракөл» толқындарын жатты үйіріп.
Айдынды «Айнакөлге» құю үшін,
Ағады «Айыркешу» жалт бұрылып.
Алыста өлең аулап, жыр түзетіп,
Оралам бір қыс өтіп, бір күз өтіп.
Отардай иірілген көп жидені
Шопандай жалғыз жиде тұр күзетіп.
Ел-жұртын,
Ен жайлауын барлап қырдан,
Қарабас қобызымен сарнап тұрған.
Сен болдың, «Қазасалған», алтын көпір,
Торғай мен Ақтөбені жалғап тұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу