Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  102


Автор: Серік Тұрғынбеков

«ҚАРСАҚ БАСЫ»

...Ол заманда шалдығыпты, шаршапты,
Содан әкем мекендепті «Қарсақты»,
Қобызымен күңірентіп Қарабас,
Қалың елін қанатымен қоршапты.
Қарт Қарабас тоқсан тоғыз жасында
Қарауыл боп тұрған «Қарсақ» басында.
«Қаза болсам, болсын бұл жер қабірім,
Қия алмаймын суын, нуын, тасын да»...
Бұл бір тауға жарасады тұнықтық,
Ұшар басы жеткізбейді үміт қып.
Мұнартады, мұң артады шынар тік,
Тау басына түйдек-түйдек тұнып бұлт.
Тарғыл-тарғыл тау тастары жатар нән,
Тағдырынан тайынбапты-ау қатал жан.
«Қарсақ» басын мекендепті Қарабас,
Сол үшін де «Қарсақ басы» атанған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу