Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  88


Автор: Серік Тұрғынбеков

ТІЛЕК

Қайнарым тұнық болса,
Қайғы-мұң ұмыт болса.
Әсемдік,
Әдемілік –
Әдет пен ғұрып болса.
Бақта гүл жасыл болса,
Айтқан сөз асыл болса.
Дүниені дүркіреткен
Дүр ғажап Ғасыр болса.
Аспаным ашық болса,
Жас жаным ғашық болса.
Жүректің жылғасына
Жыр-бұлақ тасып толса.
Тұрмысым сайлы болса,
Тірлігім тойлы болса.
Төрт түлік түгел өріп,
Төрт мезгіл жайлы болса –
Тілден бал тамызар ем,
Көзден жас ағызар ем,
Сөзден сел,
Көңілден шер
Шығарып –
Тыңдаушының
Таңдайын қақтыратын,
Үздігіп өліп кетпей,
Шыдамай, шақ тұратын –
Жазар ем
Нағыз Өлең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу