Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  79


Автор: Серік Тұрғынбеков

АУЫЛ ӨЛІП БАРАДЫ...

Ауыл, рас, өлмейді – малы болса,
Мал бағатын халықтың халі болса.
Сол малдың да қалмады сау-тамтығы,
Азаяды, құриды әлі қанша?!.
Осы бір жай жанымды мұңайтады,
(Басқа салды бір әлек құдай тағы!)
Өз көзімен... алдымен көріп алмай,
«Өлмейді!» деп ауылды кім айтады?!
Қымыз іштік шөліркеп шөлдегенде,
Қызын құштық көңілге дем берерде.
Малы кетіп қалған соң – әлі кетіп,
Қайтеді енді сол ауыл өлмегенде!
Бүтіндемей жыртық пен жамауымды,
Қалаға көп көтерсем танауымды...
«Ауыл» деп те айтудың өзі артық
Егер малы болмаса – сол ауылды.
Бірде жақын, бірде алыс, алшақтаған,
Басқа байлық қазақты аңсатпаған.
Мінсе – көлік, ішсе – ас, кисе – киім,
Малмен ғана қазағым жан сақтаған.
Болғанынан не пайда, толғанынан,
Өсе ме әлде, өше ме?
Ол да – күмән!
Қазақ мүлде қажыды, қалжырады,
Аз-ақ күнде айрылып сол малынан.
Алаңдамай ақшаға айлық санап,
Шала тойған бір күнін байлық санап.
Құрық ұстап құр қалды құба жонда
«Малдан басқа мұңы жоқ» байғұс қазақ.
Колхоз, совхоз болған соң аудан бекер,
Бет-бетіне қаңбақтай ауған ба екен?!
Әлсіз жерден ұстаған коммерсанттар
Талап кетті мал-мүлкін жаудан бетер.
Мысал үшін...
Дерек пе дәл керегі?
Айып етпе айтты деп әлденені.
Ауыл десем, жүрегім алып-ұшып,
Көз алдыма көлбеңдеп мал келеді.
Өткен күннен өкініш – аз ба белгі,
Намыс оты жанар кез маздап енді.
Торғай жаққа барып ем,
Торғай жақтан...
Торғайдай боп көрдім мен тозған елді.
Бабалардың жармаспай жағасына,
Барыспайық тарихтың бағасына.
Теміржол жоқ,
Бірсәрі – көмір мол боп,
Тамызыққа табылса ағашы да!
Бұл жайларға болады араша кім?
Келтіретін төрт түлік – дала сәнін.
Жалғыз қойдың құнына татымады
Кір жуатын бір бөлек қара сабын.
Ауру-сырқау – айтпайын дәрі жайын,
(Қала емес ол әуелден бәрі дайын).
Көрмей-білмей немесе бармай-келмей,
Соғып тұрған жоқпын мен сарыуайым.
Ауылда – жұт (дәл қазір!),
Ауылда – мұң.
(Таттық талай ауылдың тәуір дәмін).
Жат жұрттықтан іздесең жан таппайсың,
Бәрі өзіңнің қаракөз бауырларың.
Ауырған соң сөз айттым өте жаным,
Сөз айтқаннан басқа мен не ете аламын?
Ауыл өліп барады...
Ауыл өліп...
Қолыңды бер, Әкежан – көкежаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу