Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  66


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАЙРАН ТІЛІМ!

Жансын лаулап
Жүрегімде от барда.
Көздегенге жетпей көңіл тоқтар ма?!
Қайран тілім –
Терісіндей серкенің,
Қайта-қайта түстің-ау сен көкпарға.
Ұрпақ болса уызына жарыған,
Ана сүті өн бойына дарыған.
Арылармыз дәл осынау дерттен де
Аяз болып арқамызды қарыған.
Болашаққа бұрғанменен бетіңді,
Талай-талай күрек тісің кетілді.
Өз еліңде, өз жеріңде жүріп-ақ
Өксідің-ау өгей бала секілді.
Бетін ашып ашу-ыза, наланың,
Шешіп едің небір дауын даланың.
Жат қолына – тор ішіне түскендей,
Жауап күтіп, жаутаң-жаутаң қарадың.
Анам десем,
Панам десем нетеді?!
Үйретіп ең «әке» менен «шешені».
Сені ойласам –
Жетім бала елестеп,
Маңдайынан сипағым кеп кетеді.
Қайран тілім!
Кеудең толы қайғы-мұң.
Жауға шапсам –
Өзің едің Айбыным!
Алтын емес, күміс емес,
Сен едің
Бабаларым беріп кеткен Байлығым.
Ақын болсам –
Тұра алмаймын толғанбай,
Батыр болсам –
Көк байрақты қолға алмай!
Сол байлықты төгіп-шашып қор қылдым,
Жақсы әкеден жаман бала қалғандай.
Қасиетті қайран қара шаңырақ
Қалмаса екен жиһазы жоқ, қаңырап.
Қайрылмастан кете ме деп қорқамын –
Қайран тілім
Аруанадай аңырап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу