Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  93


Автор: Серік Тұрғынбеков

МЫСЫҚ АДАМ ТУРАЛЫ

У ма,
Су ма, кім білсін ұрттағаны,
Өзі мысық болған соң – мұрт болады,
Көзі қысық болған соң –
Сөзі пысық,
Ашымаса қайтесің жұртқа жаны...
Терең өзен танылар Балқашымен,
Тау да биік көрінер жартасымен.
Мейлі қалай лақтыр,
Мысық адам
Ешқашанда түспейді арқасымен.
Мін көрінбей өзіне мыстан қылық,
Мына бізді ойнайды тышқан қылып...
Добы болып сау басың додасына –
Достың өзін жіберер дұшпан қылып.
Төр сонікі – аттаса босағаны,
Төңірегі – туысы, дос адамы.
Өз дегені болсын тек – қиналмайды,
Өзгелердің ақса да жоса қаны.
Мұртын қойшы?!
Аумаған көзі, қасы.
Әзер шыққан әзілі, базынасы.
Алда-жалда аз болып өз «еңбегі»,
Аңдығаны – «халықтың қазынасы».
Сенің сорың – онымен танысқан күн,
Қабырғасы қақырар қарысқанның.
Аяушылық жасапты ғалымдар да:
«Азып-тозған түрі, – деп, – арыстанның!»
Не десе де, тілегі, тілі – мысық,
Жүргені сол жұлып жеп, жұлып ішіп...
Сен де мысық болуың керек, досым,
Түсінісіп алғанша, ұғынысып...
Ұнамайды бәрібір ісің оған,
Сұрапылдан кем соқпас сұсы жаман.
Арамзадай алдыңнан кесіп өтер,
Арамызда әлі жүр мысық адам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу