Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  86


Автор: Серік Тұрғынбеков

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАН КЕРЕК

Жақсы бір хабар естідім,
Жадырап кетті жан кенет...
Көзіндей болған ескінің
Қазақ тіліне қан керек!
Тұманды мынау торланған
Қуатын арай таң керек.
Қорланған, әбден зорланған
Қазақ тіліне қан керек!
Шошыдым талай түсімнен,
Жұбандым «оған нанба!» деп.
Кесілген, әбден үсінген
Қазақ тіліне қан керек!
Сөйлесін әркім еркімен,
Заманға лайық Заң керек.
Арылсын десең дертінен,
Қазақ тіліне қан керек!
Билігін құрып далада,
Тентекті тергеп соттатқан,
Батырды, ханды тоқтатқан,
Данышпандарын жоқтатқан.
Бақыты тайып бұл күнде,
Жасына жетпей тоқтасқан.
Темірдей тозып тот басқан
Қазақ тіліне қан керек!
...Басынып кетіп әлдекім,
Сүйекке түсті таңба көп...
Қайда әлгі «жедел жәрдемің»,
Қазақ тіліне қан керек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу